Бүгін құқық қорғау органдары академиясына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары келді.
Академия ректоры Тимур Сүлейменов қонақтарды ЖОО-ның ғылыми-білім беру қызметінің басым бағыттары мен нәтижелері, одан әрі даму перспективалары туралы хабардар етті.
Кездесу барысында заң шығару және құқық қолдану практикасының, құқық қорғау органдары қызметінің құқықтық базасын жетілдірудің өзекті мәселелері қаралды.
Күн тәртібінің басты тақырыбы Парламент Мәжілісінің бірінші оқылымда мақұлдаған құқық қорғау қызметі туралы заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселелері жөніндегі заң жобасын талқылау болды.
Атап айтқанда, ұсынылып отырған заңнамалық өзгерістер құқық қорғау қызметіне кіру тәртібін оңтайландыруға, қажетті және лайықты мамандарды қызметке қабылдау процесін жеделдетуге арналған.
Кездесуге қатысушылар кадрларды іріктеуді жетілдіру, қабылдау және қызмет өткеру рәсімдері мәселелері бойынша пікір алмасты.
Барлық күш құрылымдары үшін кадрлық процестер мен жеке құрамға қойылатын талаптарды бірдей ету туралы ұсыныс толық мақұлданды. Оның ішінде көтермелеу, жаза қолдану, атақ беру, тағылымдамадан және конкурстан өту, қызметкерлердің жұмысын аттестаттау, мамандарды басқа органдардан ауыстыру мәселелері бар. Сондай-ақ, қызметкерлерді материалдық қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау мәселелері талқыланды.
Қатысушылардың ортақ пікірі бойынша, кәсіби өзара қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға қызмет ететін іскерлік және сындарлы диалог орын алды. Мұндай кездесулер бірлескен жұмыстың тиімділігін арттыру үшін қажет, өйткені олар заң шығарушыларға құқықтық актілердің тиімділігі туралы объективті ақпарат алуға, олардың тиімділігін бағалауға, мүмкін қайшылықтар мен кемшіліктерді анықтауға мүмкіндік береді.