Микроқаржы ұйымдарының заңсыз қызметіне және қаржы пирамидаларын құруға қарсы іс-қимыл

Құқық қорғау органдары академиясы онлайн форматта ұйымдастырған дөңгелек үстел отырысында микроқаржы ұйымдарының заңсыз қызметіне қарсы іс-қимылдың және қаржы пирамидаларын құрудың өзекті мәселелері талқыланды.
Форум жұмысына академия қызметкерлері — ведомствоаралық ғылыми зерттеудің авторлық ұжымының мүшелері, Бас прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің, Қаржы мониторингі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттіктердің, Өзбекстан Бас прокуратурасы академиясының, отандық үкіметтік емес ұйымдар мен ғылыми қоғамдастықтың өкілдері қатысты.
Елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың әл-ауқатын сақтау және арттыру контекстінде қатысушылар заңсыз микроқаржылық қызметтің жолын кесудің, қаржы пирамидаларын құру үшін жауапкершілік шараларын күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
Қаржы пирамидаларының ұғымдары мен белгілерін нормативтік бекітудің маңызды аспектілері көтерілді, сотқа дейінгі өндіріс процесінде туындайтын мәселелер қарастырылды.
Форум қорытындысы бойынша осы саладағы қылмыстарды анықтау және жолын кесу шеңберінде ведомствоаралық өзара іс-қимылдың одан әрі бағыттары айқындалды.