Қазақстандағы және ЕҚЫҰ-ға қатысушы басқа да мемлекеттердегі еңбек қанауына қарсы күрестегі ұйымдастырушылық тетіктерді нығайту және ынтымақтастықты дамыту елордадағы өз жұмысын аяқтаған халықаралық дөңгелек үстелдің басты назарында болды.
Іс-шараны құқық қорғау органдары академиясы ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы бағдарламалар офисімен бірлесіп ұйымдастырды.
Дөңгелек үстел жұмысына құқық қорғау органдарының, үкіметтік емес ұйымдардың және академиялық топтардың өкілдері қатысты.
Қатысушылар күн тәртібінің ерекше өзектілігін атап өтіп, қазіргі құлдыққа қарсы күресте уәкілетті органдардың тығыз өзара іс-қимылы мен жүйелі жұмысының қажеттілігін атап өтті.
Сондай-ақ, қылмыстық іс-әрекеттердің алдын алу және анықтау жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыруға ықпал ететін проблемаларды шешудің ортақ тәсілдерін әзірлеудің маңыздылығы талқыланды.
Қырғызстан, Украина және Өзбекстан сарапшылары адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы өз тәжірибелерімен бөлісті.
Форум қорытындысы бойынша қатысушылар осы саладағы қолданыстағы халықаралық стандарттарды ескере отырып, адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі модельдік заңдарды және қатысушы мемлекеттердің осы саладағы ұлттық заңнамасын үйлестіру және біріздендіру жөніндегі ұсынымдарды пайдалану қажеттілігін мойындады.
Сөз сөйлеу жинағы барлық мүдделі органдарға жіберілетін болады.