Өткен аптада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде заң жоғары оқу орындарының үздік студенттері мен ведомстволық оқу орындарының білім алушылары жиналған «Крим-Экс-2024» криминалистика бойынша оныншы Халықаралық олимпиада сәтті аяқталды.
Құқық қорғау органдары академиясының «Крим-Team-Astana» командасында Қуаныш Күлкешев, Гүлден Шекенова, Әділбек Қасымов, Мақсат Даркенбай, Әсел Әлімханова бақтарын сынады.
Команданың жетекшісі Академияның Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының аға оқытушысы Артур Баймаханов болды. Олимпиада барысында қатысушылар күрделі міндеттерді шешудегі өз дағдыларын, қылмыстық іс жүргізу заңнамасын және криминалистикалық техникадағы шеберліктерін көрсетті.
Академия командасы бірінші кезеңде команданың бейне презентациясын ұсына отырып, қазылар алқасынан ең жоғары баға алды.
Аталған бейнеролик криминалистика саласындағы команданың шығармашылығы мен терең білімін атап өтті.
Іс-шараны ұйымдастырушылар трасологиялық іздерді алып қоюда және сараптама тағайындау бойынша қаулылар жасауда қатысушылардың практикалық дағдыларын ерекше атап өтті.
Табанды күрестің нәтижесінде Академия командасы өз қатысушыларының жоғары дайындығы мен кәсібилігін растай отырып, үшінші дәрежелі дипломмен марапатталды.
Академия қызметкерлері мен білім алушыларының ғылыми-білім беру іс-шараларына қатысуы құқықтанудың әртүрлі салаларындағы мамандар арасында тәжірибе мен білім алмасу үшін маңызды платформа болып табылады, сондай-ақ ғылыми және практикалық дағдыларды одан әрі дамытуға ықпал етеді.
Құқық қорғау органдары академиясының
баспасөз қызметі